Бас мүфти Алматыда ауызашар берді (ФОТО+ВИДЕО)
Бас мүфти Алматыда ауызашар берді (ФОТО+ВИДЕО)
09.07.2015 11:46
803
0

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Қазақстан» мейрамханасында ауызашар берді.

Ауызашарға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы, ел ағалары, ақындар, ардақты аналар, БАҚ және телеарна төрағалары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері – жалпы 200-ге тарта адам келіп, жайылған дастарқаннан дәм татты.

Жиналған көпшілікті қасиетті рамазан айымен қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы құттықтап, тілегін айтты.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жиналған қауымға шынайы лебізін білдіріп: «Рамазан рухани-жаңару айы. Адамды тазалыққа, қоғамды рухани келісімге шақыратын рамазан айының маңызы аса жоғары. Алла Тағала айлардан-рамазанды, күндерден-жұманы, түндерден-Қадір түнін қасиетті етті. Мұсылман баласы үшін бұл айдың орны ерекше. Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай. Алла Тағала отбасымызға амандық, елімізге береке-бірлік нәсіп еткей», - деді.

Ауызашарда ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы рамазан айының қадір-қасиеті туралы уағыз насихат айтты. Сонымен қатар, ауызашар кешін ақындар жырмен әрлеп, елге танымал әншілер тағылымды термелер орындады.

Суреттер топтамасын «ФОТОРЕПОРТАЖ» айдарынан тамашалай аласыздар! 

ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz


0 пікір