БАС ИМАМ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ
БАС ИМАМ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ
15.01.2020 11:19
998
0

Павлодар облысының  бас имамы Жолдас Қоспақұлы қалалық «Ирбис» телеарнасының «Айтарым бар!» бағдарламасында тікелей эфирде болды. Бұл жолғы тақырып:  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылғанына  30 жыл.

Бас имам Жолдас қажы Қоспақұлы жарты сағаттық сұхбатта облыс көрермендеріне ҚМДБ-ы туралы төмендегі ақпараттарды тілге тиек етті:

«ҚМДБ осыдан тура 30 жыл бұрын іргетасы 1943 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте қаланған Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, дербес діни басқарма болып құрылды.

Бүгінде ҚМДБ Бас мүфти, Наиб мүфти, Бас мүфти кеңесшісі, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі, Қамқорлар кеңесі, ҚМДБ Төралқасы, Аппарат жетекшісі, Діни істер және талдау, Шариғат және пәтуа, Мешіт істері, Іс басқарушысы, Халықаралық қатынас және протокол, Қажылық, Насихат және қоғаммен байланыс, Діни білім және кадр даярлау, Халал өнімдерін стандарттау, Баспасөз, Уақып және қайырымдылық бөлімдері мен Ғаламтормен жұмыс, Әйел-қыздар, Жастар сынды сектордан құралған.

ҚМДБ ел тұрғындарына Ислам дінінің ханафи мәзһабын насихаттап, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, білімді мамандар дайындап және жат ағымдармен күрес жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ҚМДБ діни әдебиеттерді дайындау және сараптамадан өткізу сынды жұмыстарды атқарса, 2019 жылдың қазан айынан бастап «Мұнара» газеті қалың оқырманға жол тартты.

Құрылғанына ширек ғасырдан асқан мүфтият 30 жылдық белесті бағындырып, ел мұсылмандарының қарашаңырағына айналды. Осынау мерейтой аясында ҚМДБ 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың есімін беруді, 30 елдімекеннің ауызсу, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараны қолға алғалы отыр. 

Осылайша, ҚМДБ- ы жұртшылықты жақсылыққа үндеп, иманды істерге ұйытқы болып, еліміздің мұсылман жамағатының ынтымақ-бірлігін сақтауға орасан қызмет атқаруда екенін  облыстың  бас имамы көрермен қауымға  баяндап берді.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

0 пікір