Ауылда мешіт ашылды
Ауылда мешіт ашылды
02.05.2019 10:48
1249
0

Мамыр айының алғашқы күні Аққулы ауданы, Бесқарағай аулында жаңадан  намазхана ашылды.

«Жуық мерзімде құжаттарын толығымен реттеп мешіт ретінде тіркетеміз, әзірге уақытша молда да тағайындап қойдық»,-дейді аудан имамы Мақсат Сансызбайұлы.

Мешіт 50 адамға арналған, имамның бөлмесі және дәрет алатын орны да қамтылған, кең ауласы бар.

Ауыл мешітінің ашылуына өкіл имам Жолдас Қоспақұлы және аудан әкімі басқа да лауазымды тұлғалар, ауыл-ауданның қадірменді қарттарымен қатар ауданнан 10 шақырым жердегі  ауылға аудан халқы тайлы-тұяғымен түгелдей жиналыпты десек те болады.

 Қасиетті Құран аяттары оқылған соң  өкіл имам халыққа мешіт салудың сауабы, мешіттің халықтың рухани жетілуіне, жастар тәрбиесініне, Жаратушы Алла Тағаланы танып, оған құлшылық жасауына тигізетін орасан ықпалы туралы  кең көлемде уағыз-насихаттар айтса, аудан әкімі және құрметті ақсақалдар да құттықтаған  лебіздерін білдірді.

Осы шараның тізгінін ұстаған өңіріміздің бас ақыны Шарманов Қуаныш жаңа мешіттің құрметіне орай ауыл халқын имандылыққа шақырған арнау термесін айтса,  мешітті салуға мол үлес қосқан, ұйымдастырған азаматтарға өкіл имам Жолдас Қоспақұлы алғыс хаттар табыстап, дәстүрімізге сай иықтарына шапан жапты.

Жаңа мешітте  бесін намазы оқылып, жиналған қауымға  кең дастарханда  ас берілді. Келесі кезекте  арнайы ат жарысы ұйымдастырылды. Тізгін ұстатқан тұлпар иелері де марапатталды.

Бесқарағай мешітінде бес уақыт намаздың азаны үзілмей тұрсын, Алла құтты, берекелді етсін дейміз!

 

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

0 пікір