АУДАН, ҚАЛА ИМАМДАРЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)
АУДАН, ҚАЛА ИМАМДАРЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)
16.10.2019 12:20
412
0

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде аудан, қала имамдарының кеңейтілген отырысы өтті. Онда күн тәртібінде тұрған мәселелер талқыға түсті. Жиынға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкілі Жолдас қажы Қоспақұлы төрағалық етті.

Өкіл имам ең алдымен алдағы аптада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ІІІ Республикалық имамдар форумына дайындық барысын пысықтады. Ауқымды шараға біздің өңірден 17 имам қатысады.

«Алда Мәуліт мерекесі келе жатыр. Оны жоғары деңгейде, мәнді де мазмұнды етіп өткізуге тиіспіз. Сондықтан, дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырамын», – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.

Өкіл имам атап өткендей, биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төл газеті «Munara» жарыққа шығады. Қазір аталған басылымға жазылу жүріп жатыр. Жолдас қажы Қоспақұлы ерекше мазмұнмен шығатын газеттің облыстың әрбір ауылына таралуы керектігін ескертті.

Жолдас қажы Қоспақұлы халал стандарт, «Зекет» қайырымдылық қоры, оқу-ағарту, жат ағымдармен күрес бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру керектігін еске салды.

Сондай-ақ өңірдегі дін қызметкерлерінің білімін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл ретте, оларды екі айлық курстарға жіберіп тұру керектігін ескертті.

Отырыс барысында мешіттердің қысқы дайындығы да пысықталды. Өкіл имам өз сөзінде «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің жылу қазандығы демеушілердің көмегімен ауыстырылып жатқанын жеткізді.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

0 пікір