Ақсудың айтулы жаңалықтары
Ақсудың айтулы жаңалықтары
07.06.2019 10:10
484
0

АЙТ ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

5 маусым күні Ақсу қалалық мешітіне халық көптеп жиналды. Рамазан айының аяқталуымен келетін үш күндік Ораза айтының қадір-қасиеті ерекше. Алла Тағала айт сайын адам баласына әртүрлі жақсылықтар береді. Үш күн тойланатын Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талды.

Бұл күні  жиналған қауымға арналып спорт жарыстары өтті. Атап өтер болсақ, қазақша күрес, арқан тарту, асық ойындары. Қорытындысында  қазақша күрестен План Нұртуған  І орынды, Байкен Мұстафа  ІІ орынды, Батырбек   Жасұлан  ІІІ орынды иеленді. Арқан тартудан І орынды «Арғын» командасы, ІІ орынды «Үштерек» командасы, ІІІ орынды «Серпін» командасы жеңіп алды. Асық ойындарынан бәрі тең түсіп, жеңіске жетті. Барлығына ақшалай сыйлық берілді. Ораза айтының дастарханынан ата-апаларымыз дәм татып, ризашылығын білдірсе, жастарға бауырсақ, палау, шай тегін таратылды.

 

 

 КӨПБАЛАЛЫ АНА ПӘТЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ

 Қасиетті Ораза айт күні Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабдікәрімұлы, «Зекет» қорының өкілі Асқар Мырзабеков, Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров Ақсу қаласының тұрғыны, көп балалы ана  Роза Оргараеваға  үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

         - «Мұсылмандардың діни басқармасының өз қайырымдылық қоры бар. Ол тұрғын үй алу үшін ақша жинауға ғана арналған. Әрбір облыс бойынша мешіт жамағаттары «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық акциясына атсалысты. Оның ішінде Ақсу, Екібастұз қалаларының жамағаты бар. Бірнеше үміткер болды. Комиссия мүшелері олардың үйін аралап, шешім қабылдады. Республика бойынша осы аталмыш қордан 70-тен аса пәтер берілсе, Павлодарда екі анаға, бүгін, міне, Ақсуда бір анаға пәтер беріп отырмыз. Келесі бағытымыз Екібастұз қаласы» – дейді «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Қанат Қабдікәрімұлы.

Ақсу қаласы мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров барлығы Алла разылығы үшін жасалып жатыр. Роза үйіңнің  іші құтты болсын! Балаларың  алаңсыз өмір сүрсін деген өзінің ақ тілегін айтып, батасын берді.

Роза Оргараеваның жолдасы қайтыс болып, шиттей төрт баламен жесір қалған екен. Қайырымдылықтың қайыры бар. Ақсу қаласында бұған дейін жалдамалы пәтерлерді паналап келген жалғыз басты ананың қуанышында шек жоқ. Үйелмелі-сүйелмелі төрт баласымен көшіп-қонудың азабын тартқан Роза қуаныштан көзіне жас алды. «Үйі жоқтың - күйі жоқ» деген рас екен. Соңғы кезде тым жүдеп кеткен едік. Қол ұшын созған азаматтарға алғыстан өзге айтарым жоқ», - деді ол. Розаның балалары Гүлсезім, Аяна, Нұрасыл №1 мектепте оқыса,  Диас 3 жаста.   Жолдасым қайтыс болғанда Диасым 5 айлық болып қалып еді. Алла жеткізді, шүкір! дейді Роза ағынан жарыла.

 

Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ

 

 

 

0 пікір