Ақсу жұрты ардақты Пайғамбарды (с.ғ.с.) ұлықтады (ФОТО)
Ақсу жұрты ардақты Пайғамбарды (с.ғ.с.) ұлықтады (ФОТО)
25.11.2019 15:08
197
0

Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында жылдағы дәстүр бойынша адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған күніне орай «Ғаламның рахым нұры» атты рухани кеш өтті.

Оған қала мен ауыл мешіттерінің имамдары, қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Кешті облысқа, республикаға белгілі ақын Қуаныш Шарманов жүргізді.

Мәулітке келушілерді Ақсу қаласының бас имамы  Әбдімүтәліп Омаров құттықтап, адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесі тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтіліп жатқанын, мешіттерімізде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда екенін айтып өтті.

 

Қуаныш Шарманов Құран сүрелерін, оның ішінде Исламның бастапқы қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларға, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттар жайында айтты. Әсіресе, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, бейнероликтер, діни ән-термелер тыңдаушының рухани тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Мәуліт мерекесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі осы күні еркін байқалып тұрды.

Сондай-ақ бұл күні «Пайғамбарымызға сағыныш» термесі, «Жетімнің зары» монологы, «Жалған дүние» әндері  көрермендерге  ой салғандай болды. Көпшілік ризашылықтарын ду қол шапалақтаумен білдіріп жатты.

Ақсу қалалық мешіті

0 пікір