«Ақмешіт» жамағаты жалғызбасты ананың үйін жөндеп берді
«Ақмешіт» жамағаты жалғызбасты ананың үйін жөндеп берді
02.10.2019 17:04
359
0

Алла Тағала «Хаж» сүресінің 77-аятында «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» деген екен. Яғни, о дүниеде тозақ азабынан құтылып, шексіз нығметке бөленесіңдер дейді. Хақ Тағала осылайша мұсылмандарды жақсылық жасауға шақырған. Жаратушы Иенің бұл бұйрығын Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің ұжымы мен жамағаты әрдайым бойтұмар етіп келеді.

Осы апта «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қазыбекұлының ұйымдастыруымен мешіт ұжымы және жамағаты бірлесіп, жалғызбасты ананың үйіне күрделі жөндеу жүргізіп берді. Дәлірек айтсақ, үйдің құлап қалған төбесі мен шатырын қалпына келтіріп, кіреберіс бөлмесіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мешіт жастары да Алланың разылығы үшін бұл игі іске өз үлестерін қосқанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Жалпы жөндеу жұмыстарына 500 мың теңге қаражат жұмсалды.

Сонымен қатар, «Ақмешіт» мешіті қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам»атты іс-шара ұйымдастырды. Мешіт имамдары «Әйелдер-қыздар секторымен» біріге қарттар үйіне концерттік бағдарлама ұсынып, оларға сый-құрмет көрсетті. «Әйелдер-қыздар секторының» шәкірттері қолдан жасалған үй тағамдарымен кең дастархан жайып, ақ жаулықты апалар мен ақылдың кенін арқалаған айбынды аталардың көңілдерін бір көтеріп тастады.

Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешіті

0 пікір