АҚЖОЛ ИСАБЕК – ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ ҮЗДІГІ
АҚЖОЛ ИСАБЕК – ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ ҮЗДІГІ
04.10.2019 14:11
1512
0

ҚМДБ тапсырмасына сәйкес, Павлодар облысының қала, аудан, ауыл имамдары, наиб-имамдары, азаншылар мен ұстаздары арасында өтіп жатқан «Ай имамы» байқауының қыркүйек айындағы қорытындысы шығарылды. «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы Ақжол Исабек өткен айдың үздігі атанды.

Ақжол Исабек қыркүйек айында ерекше көзге түсті. Ол облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттерін жұмылдырып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Әсіресе, қарттар күні қарсаңында белсенділік танытты. Орталық мешітте «Қарттардың қазіргі қоғамдағы орны» тақырыбында «дөңгелек үстел» шарасын өткізді. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы қарттар үйінде ұйымдастырылған концерттік шараның да басы-қасында жүрді.

Байқау шарттарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдарында мақала жариялап, көпшілік алдында айтқан уағыздарын бейнежазбаға түсіріп, сайттарға орналастыру. Ақжол Исабек бұл шартты да бұлжытпай орындады. Оның қыркүйек айында айтқан уағыздарының бейнежазбасын, жариялаған мақалаларын mazhab.kz сайтынан көріп, оқуға болады.  

Байқау шартында қатысушылардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі де қаперге алынатындығы ескертілген. Мешіт ұстазы бұл жағынан да қамшы салдырмай, атқарған жұмыстарын, жазған дүниелерін әлеуметтік желілерде жариялап отырды.

Бүгінгі Жұма намазында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы жиналған жамағаттың алдында қыркүйек айының үздігі Ақжол Исабекті марапаттап, жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ өкіл имам облыстағы қала, аудан, ауыл имамдарын, наиб-имамдарын, азаншылар мен ұстазарын «Ай имамы» байқауына қатысуға шақырды.

Еске сала кетейік, «Ай имамы» байқауы әр айда белсенділік танытқан дін қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған.

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір