Ақ дастархан басында айтылған уағыз
Ақ дастархан басында айтылған уағыз
30.12.2019 14:17
1218
0

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде Әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай және мешіт ұстазы Нұрилә Тілеу сауат ашу курсының шәкірттеріне дастархан жайып, апталық уағыз айттты.
Онда келе жатқан жаңа жыл мерекесінің Ислам діні үшін ешқандай мән-маңызы жоқ екені айтылды. Сондай-ақ, Исламдағы бауырмалдық тақырыбында уағыз айтылып, құран оқылды. Ақ жаулықты апалар бата берді.

Бүгінде адамдар: «Бұл жай мереке ғой, арақ-шарап ішпейміз, тек қана дастарқан жайып, отбасы, туыстарымызбен отырамыз», дейді жаңа жыл мерекесі жайында. Алайда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі», – деген. Басқа бір хадисінде: «Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өткендердің (яһуди мен христиандардың) ізімен жүресіңдер, тіпті олар кесірткенің ініне кірсе де, сендер оларға ілесе кетесіңдер», - дейді.
Қасиетті Құранда: «Ей, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер» делінген. Басқа бір аятта: «...Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап етпеңдер, шындығында Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» - делінген.

Көпшілік тойлап жүрген жаңа жылда осы аят, хадистерде анық айтылған күнәлі істер жасалатыны жасырын емес. Олай болса жаңа жыл тек басқаларға ұқсау ғана емес, Алланың қаһарын шақыратын істерге себепші болу. Егер Жаратушы иеміздің тыйым салған нәрселерінен тыйылсақ, міндетті түрде одан жақсысын береді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла сендер үшін, олардан да абзал болған Рамазан мен Құрбан айт мерекелерімен ауыстырды» - деген. Олай болса, мұсылман үмбетінің қуанышпен қарсы алатын, күнәдан емес сауаптан тұратын, құлшылықпен өткізетін өз мерекелері бар. Сіз бен біздің бақытымыз үшін Алла Тағала осы мерекелерді сыйға тартқан.

0 пікір