Алматыда Рамазан айының құрметіне орай мерекелік кеш өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Алматыда Рамазан айының құрметіне орай мерекелік кеш өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
15.06.2015 15:12
1232
0

Қасиетті Рамазан айына әлі 3 күн бар болса да, айнала жылылық пен нұрға толып, ерекше көңіл күйге бөленіп тұр.

Ал осынау жайма-шуақ көңіл күйге Алматыда «Студенттер» сарайында Рамазан айының құрметіне орай өткен «Өнер қырандары» театрының «Берекелі-мереке» атты рухани патриоттық кеші одан әрі рең бере түскендей.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған рухани кеш халықтың көңілінен шықты.

Рухани кешке белгілі өнер жұлдыздары «Заман» тобы, «Нұр-Мұқасан» тобы, «Сұңқар» тобы, белгілі әнші Қанатбек Полатбек пен Ринат Төре қатысып, мағыналы діни әндер мен жырлар орындады. Сондай-ақ, Дін мен дәстүрімізбен астасқан тағылымды қойылымдардың өзі мереке сәнін аша түсті.

Кеш барысында ҚМДБ «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқанұлы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізіп: «Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы белгілі бір себептермен рухани кешімізге қатыса алмағандықтан сіздерге ыстық сәлемін жеткізуді тапсырды. Бұл игі шара қасиетті Рамазан айының қарсаңында Бас мүфтидің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем елдері қасиетті Рамазан айын қуанышпен қарсы алып, оны құрметпен қимастықпен шығарып салады. Олай болса, рухани кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алу. Алла Тағала бұл айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған салихалы амалдарымыздың сауабын арттырып, елімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай», – деді.

ҚМДб баспасөз қызметі

muftyat.kz


0 пікір