АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ СОҚПАҚ, АРТЫ ЖАР...
АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ СОҚПАҚ, АРТЫ ЖАР...
13.07.2019 15:34
697
0

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде  «Жусан» операциясы арқылы бала-шағаларымен Сириядан қайтарылған Павлодарлық екі әйелмен қалалық мешіттер жамағаты кездесу жасады. Кездесуге өңірлік баспасөз өкілдері де қатысты.

Сөз басында өкіл имам Жолдас Қоспақұлы:  «Қазақстан мемлекеті өз азаматтарының әлемнің қай қиырында жүргеніне қарамастан олардың тағдырына қашан да алаңдайды. Ел билігі іске асырған «Жусан» операциясының нәтижесінде туған елге оралған қандастарымыз бүгінде  мемлекет қамқорлығында.  Осындай адасушылықтың алдын алу мақсатында  жерлесіміз Толғанай және Әсем атты екі қарындасымызды сіздермен жолықтырып отырмыз. Екеуі де Баянауылдық, екеуі де 28 жаста, олар жат ағым жетегіне кетіп, соғыс өрті  қайнап жатқан ошағында болып,  адасудың ауыртпалығы мен қиыншылықтарын  бастарынан өткерді»,-дей келе сөз кезегін Толғанай мен Әсемге берді.

Қарындастарымыздың екеуі де қазақ және орыс тілінде жақсы сөйлейді, қазақ орта мектебін тәмамдаған екен. Бірақ күйеулері дінде адасушылықта жүргендіктен солардың ықпалымен жат жұртқа адасып барғанын, ондағы соғыс зардабы,  көрген қиындықтары туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

 Толғанай мен Әсем келесі кезекте мешіт жамағатынан және журналистерден қойлыған көптеген сұрақтарға жауап берді. Әйелдер еліміздегі бейбітшіліктің, мамыражай тіршіліктің қадірін уақытында тү­сін­бегендігін, діни са­уаты төмен болғандықтан, арбауға түсіп қалғандығын  айтып көзіне жас алды.

Сұхбат соңында  ел мен жерге деген құрмет, тәубе мен сабыр, дін және иман тазалығы жайында насихат айтылып, Алла адасушылықтан сақтасын, тура жолдан тайдырмасын деп бата жасалды.

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

 

 

0 пікір