Қазақы тәрбиедегі қателіктер
Қазақы тәрбиедегі қателіктер
13.05.2015 10:41
1988
0

Егемендігімізге ие болған соң, ел тұрмысы біраз жақсарды. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ұрпағымыздың болашағына бас қатыратын сәт туды. Кей ата-аналар жіберген қателіктерді өзіміз қайталамау мақсатында, бірер ой қосқымыз келеді.

Тым қатал болу. Ата-аналарымыз бізді жаман болсын демейтіні бәрімізге мәлім. Дегенмен бір істің басқа бір іске кесірі тиіп жататын кездері кездеседі. Әке-шешеміз бізге әрдайым «кісінің сөзін бөлме», «ұят болады», «жаман болады» деген тыйым сөздерді құлағымызға құйып келді. Ал айтқаны орындалмаған жағдайда дауыс көтеретін сәттер де ұшырасып тұрды. Әкелерінің бір қараған көзқарасының өзінен ығып тұратын балалар (әсіресе, ауыл балалары) көп жағдайда іштегі ойын бүгіп қала береді. Ата-анасы сыпайы, момын етіп тәрбиелеймін деп ойлайды. Ал мұндай жағдайда, «ұшқанда ұяда көргенін ілетін балапаннан» көпшілік ортада ойын ашық жеткізе білмейтін, жасық та жасқаншақ адам өсіп шығады.

Салыстыру. Сәби кезінен «сен түгілі, ініңнің қолынан да келеді», «сіңлің жақсы жасайды, сенің ісің болса, мынау», «әпкең секілді орындап қоймайсың ба?» деген ескертулер естіп өскен балдырған, өз туған бауырларын өмір бойы өзіне бақталас санап өтпейтініне кім кепіл?... Әрқайсысы бөлек отау құрып кеткеннен кейін бір үйдің балаларының бір-біріне қарайласпауы, жанашырлық танытпауы осы қателіктен туындайды.

Жазалау. Балалар көбіне-көп жасаған бұзықтығы, бұрыс ісі жайында ата-анасына айтуға именеді, содан «өтірік айту» басталады. Именетін себебі олардың әке-шешелерінің 90%-ы «неге олай істедің?» деген сұрақты қойғанымен, жауабын естуге мүлдем ниеті болмайды. Баланың теріс қылығының салдарына үңілу орнына, «күнделікті сүйікті ісінен шектеу», «бұрышқа тұрғызу», «жұмысқа жегу» сынды жаза қолдануды жылдам әрі оңай тәсіл санайды.

Даттау. Баланың көзінше туыстары туралы өсек айту. Бала шешесінің қайын сіңлісін не енесін өзгеге жамандап отырғанын көрсе, автоматты түрде санасында: «анам қателесуі мүмкін емес, демек менің әжем (немере әпкем, немере ағам) расында нашар адам болғаны» деген ой қалыптастыруы мүмкін. Ал «бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын ағайынмен» қандай жағдайда да тату-тәтті болуды бала анасынан көрген өнегесі арқылы бүлдіршін шағынан бойына сіңіруі тиіс.

Эгоизм. Мейірімге зәру болып өспесін деп, балаларын тым өбектеп, шектен тыс еркелетіп, дегенінің бәрін қылып өсіретін ата-аналар да табылады. Бұл жағдай, әсіресе, тек бір-екі балалы отбасыларда көп кезігеді. Жалғыз қуанышы болған соң, соның ғана бетіне қарап, барын аузына тосады. Мұндай шаңырақта тәрбиеленген бүлдіршін өскен соң, қоғамнан да осы әрекетті күтетін болады. Яғни, өзіне жеткілікті дәрежеде назар аудармаған бір жанды байқай қалса, бұлқан-талқан болып, ашу шақыратын жүйкесі жіптей жұқа адамдар осындай отбасыдан шығады.

Біз күнделікті көріп, куә болып жүрсек те, мән бермейтін олқылықтарымызды тізуге тырыстық, нәтиже өздеріңізден. Ал сіздер бұл қатарға тағы не қосар едіңіздер?

Мәлімет "www.massaget.kz" сайтынан алынды

0 пікір