Қазақстанда әзірленген 687 келі лағман рекордтар кітабына енді
Қазақстанда әзірленген 687 келі лағман рекордтар кітабына енді
02.05.2015 10:46
752
0
www.khabar.kz

Бірлік күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Алматыда 687 келі «Достық» лағманы әзірленді. Бұл аспаздық өнерді әлемге паш ету үшін Гиннес рекордтары кітабының төрешілері шақырылған. Осы шараға іріктеліп алынған 20 аспазшы таңғы сағат 05.00-ден бастап лағманның қамырын илеп, созуды бастаған.  Рекордтар кітабына ену үшін лағманның салмағы 500 келіден кем болмау керек. Ал оны дайындауға 100 келідей ұн қажет екен. Қамыр әзірленіп, лағман созылғанда 50 шақырымдай болады. Тұздығына 100 келідей ет пен түрлі көкөніс пайдаланылды.  Әзірлену барысын тамашалап, дәмін татуға келгендер көп болды. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін өнер майталмандары ән мен биден шашу шашты.  Осы іс-шараға арнайы келген Гиннес рекордтары кітабының өкілі Бенджамин Джонатан қазақстандық лағманның әлемге әйгілі кітапқа енгенін хабарлады.

Шаймардан Нұрымов, Ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы -Бүгін дүниедегі ең үлкен лағман дайындап жатқанымыздың басты мақсаты – әлемге Қазақстанды таныту, Қазақстанның биігін жоғары көтеру. Сонымен бірге халықтарының достығын дүниеге паш ету. Лағман тек ұйғыр халқының тағамы емес, бүкіл Түркі халықтарына ортақ. «Достық» лағманы деп атағанымыз сол. 

0 пікір