Исра және Миғраж оқиғасы
Исра және Миғраж оқиғасы
15.05.2015 09:30
2404
0

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде "Исра және Миғраж оқиғасы" тақырыбында жұма уағызы жүргізіледі.

Бүгін яғни, Ережеп айының 26-нан 27-не қараған түн исра және миғраж кеші. Яғни, адамзат сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) Харам мешітінен Ақса мешітіне түнгі сапар жасаған және жеті қат көкке көтерілген кеш. Аталмыш оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына һижрат етуден он сегіз ай бұрын болды. 

Мұхаммед Ғазалидің «Фиқһу сирасында» бұл жөнінде: «Исра Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз», - дейді. 

Бұл кеш Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеке өміріне ғана қатысты емес, жалпы мұсылман үмбеті үшін айтулы оқиға орын алған. Дініміз тарихындағы мұндай маңызды оқиға әрбір мұсылманның жүрегіндегі иманын күшейтіп, Жаратушы Иесіне, пайғамбарына деген махаббаты беки түседі. 

Миғраж оқиғасы арқылы Алла Тағала ешбір адам баласы көрмеген, шексіз, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегі аспан қабаттарын, пейіш пен тозақты көруді Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға нәсіп етті. Онда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көптеген мұғжизалар көрсетті.

Иә, Пайғамбарымыз Миғраж түні «үмбеті үшін көп нәрсені тіледі, үмбетім, үмбетім» деп көзіне жас алды, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға - тілектер жасады, біліп, білмей жасаған кемшіліктері үшін ғапу сұрады. Тіпті, Алладан әрбір үмбеті үшін, әрбір мұсылман үшін  өзі көрген Миғражды нәсіп етуін сұрады. "Ей, Тәңірім, Миғраж мұғжизасымен мені нығметтендірдің. Үмметім үшін де осындай бір нығмет тілеймін", -дегенінде, Хақ тағала:

"Намаз - момындардың миғражы", - деп Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне  миғраж дәрежесінде жүретін намаз ғибадатын сыйлады. 

Алла Тағала бүгінгі қасиетті түн арқылы баршамыздың иманымыз күшейуіне және мұсылмандардың намаз құлшылығына деген құлшынысы артуына себепкер болсын. Баршамыздың намаз ғибадатымыз қабыл болған, қабылдығы біздің амалымыздың түзелгенінен көрінуін нәсіп етсін. 

0 пікір