Интернетте еліміздегі ресторандардың «қара тізімі» жарияланады
Интернетте еліміздегі ресторандардың «қара тізімі» жарияланады
25.04.2015 10:55
1691
0
www.egemen.kz

     Интернетте Қазақстандағы ресторандардың «қара тізімі» жарияланатын болды. Бұл туралы today.kz хабарлады. Бұдан былай қазақстандықтар еліміздегі ресторандарда жүргізілген санитарлық тексерулердің қорытындысы туралы интернет арқылы біле алады. Мұндай орындардың «қара тізімі» Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» заңы қабылданғаннан кейін арнайы сайттарда жарияланбақ. Таяуда аталған заңды Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Ақпараттандыру туралы заң жобасында мемлекеттік органдарға өздері жайлы кей мәліметтерді жариялауды міндеттейтін норма қарастырылған. Бұл ақпараттар Инвестициялар және даму министрлігінің келісімімен таратылады. «Біз бұл міндетті мемлекеттік органдардың тұрақты түрде орындауын қалаймыз. Сондай-ақ, жарияланатын мәліметтердің өзекті болғаны маңызды. Мәселен, АҚШ-та Don’t eat at («Бұл жерден тамақтанба») деген қосымша бар. Бұл ақпарат көзі арқылы қай жерде қандай ресторан бар екенін, олардың ас мәзірін, санитарлық нормаға жауап бере ме, жоқ па – барлығын біле аламыз. Сіз өзіңіз ас ішкіңіз келген жерді әрі қауіпсіз тамақтанатын орынды алдын ала таңдай аласыз. Мәліметтердің ашықтығын мемлекеттік органдар және кәсіпкерлермен бірге пысықтайтын боламыз», – деді Инвестициялар және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті ақпараттандыру саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Жанат Жахметова. «Біріншіден, біз темір құрал-жабдықтар сатып алмаймыз. Серверлік ғимараттарды жабдықтамаймыз. Кез келген мемлекеттік орган нарыққа шығып: «Маған құжат айналымымды автоматтандыратын ақпараттандыру жүйесі қажет», – деп сұрау сала алады. Мұндай сұранысты көрген кәсіпкер шешімдерін қызмет көрсету түрінде ұсынады. Есеп-қисап, құжат айналымы секілді типтік қызмет көрсетудің бірнеше шешімі болады. Сондай-ақ, бағасы да төмен. Біздің ІТ-компанияға біріншіден, өз өнімдерін сатуға, екіншіден барынша бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді Жанат Жахметова. Сондай-ақ, заң жобасын талқылау барысында Қазақстанда MNP қызметін енгізу мүмкіндіктері де қарастырылды. Осы қызметтің көмегі арқылы қазақстандықтар басқа ұялы байланыс операторларына бұрынғы нөмірлерін өзгертпестен ауыса алады. «Қазіргі таңда біз осы заң жобасымен әркім ұялы байланыс телефоны арқылы алатын қызмет түрлерін сәйкестендіргіміз келеді. Сіз техникалық байқаудың күнін, мекенжай анықтамасын қарай аласыз. Мұндай қызметтердің саны 50-ден асады. Жыл аяғына дейін біз тағы 22 қызмет түрін қосуды жоспарлап отырмыз. Ал 2016 жылы мұндай қызмет 100-ге жуықтайды. Мобильді үкімет – бұл электронды үкіметтің жаңа даму кезеңі. Мәселен, сіз банкке келдіңіз, қандай да бір қызметті пайдалану үшін алдымен сізге мекенжай анықтамасы керек. Сіз оны банк менеджерінің алдында тұрып-ақ ұялы телефоныңыздағы мобильді қосымша арқылы ала аласыз», – дейді басқарма басшысы. Естеріңізге сала кетейік, Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағұлов таяуда өзінің twitter-дегі парақшасында аталған заң жобасының жаңашылдықтары туралы айтқан болатын.


0 пікір