Бүгін - Ережеп айының бірінші күні
Бүгін - Ережеп айының бірінші күні
20.04.2015 14:31
4260
0

     Режеп (ережеп) айы - мүбарак айлардың ең алғашқысы. Осы айда күніне ең аз дегенде бір рет тѳмендегі дұғаның оқылуы сауап болмақ.

 «Аллаһумма! Бәрик ләнәә фи рәжәбә уә шағбәнә уә бәллиғнәә рамадана».

«Аллаһым! Бізге режеп пен шағбан айын берекетті ет! Және рамазанға жеткізе гѳр!».

   Осы айда сауапты амалдар жасалса сауабы ерекше болмақ. Пайғамбарымыз «Режеп - Алланың айы. Шағбан - менің айым. Рамазан - үмбетімнің айы» дейді. Сонда бір сахаба: «Пайғамбарым!      «Режеп - Алланың айы» дегенді қалай түсінсек болады?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Режеп - Алланың айы. Ѳйткені Режеп Алланың кешірім етуіне лайық бір ай. Осы айда адамдардың қан тѳгіп соғысуына болмайды. Осы айда Алла Тағала Пайғамбарлардың дүғаларын қабыл еткен. Және осы айда Алла Тағала әулие, тақуа құлдарын дұшпандардың қармағынан қүтқарған. Кімде-кім режеп айында ораза ұстаса үш шарапат пен берекетке лайық болады. Бірі - Алла Тағала оның ѳткен күнәларының бәрін кешіреді. Екіншісі - бұдан кейінгі өмірінде оны бәле-жаладан сақтайды. Үшіншісі - қиямет күні мақшарда шѳлдеуден сақтайды» деп жауап қатады. Сол кезде бір қария орнынан тұрып: «Пайғамбарым! Мен режеп айының бәрінде ораза ұстай алмаймын» дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Сен режеп айының бірінші, он бесінші және ақырғы күндерінде ораза ұста. Сонда бәрін ұстағандай сауап табасың. Ѳйткені сауаптар он есе артығымен жазылады. Бірак сен режеп айының алғашқы жұма түнін ѳткізіп алма. Періштелер сол түнді «рағайып түні» деп атаған. Сол түні түннің үштен бірі ѳткен кезде кѳктер мен жерде періштелер қалмайды. Бәрі Қағбаның айналасында жиналады». Сол кезде Алла Тағала оларға: «Менен не тілейсіңдер?» деп сұрайды. Періштелер: «Я, Раббым! Режеп айында ораза ұстағандарға кешірім етуіңді тілейміз» дейді. Алла Тағала: «Мен режеп ай­ында ораза ұстағанға кешірім еттім» дейді» деп жауап береді.
     Кейбір деректерде егер кімде-кім осы айда үш күн ораза үстаса Алла сол пендесі мен тозақтың арасына қашықтығы бір жылдық ор жасайтындығы айтылады.
     
Осы күні мұсылман бауырларына кѳмектесу де көп сауаптарға арқау болады. Мысалы Абдуллаһ ибн Зүбейірден келген бір деректе: «Кімде-кім Алла Тағаланың айы - режепте бір мұсылман бауырын қиыншылықтан құтқарса Алла оған Фирдаус жәннатында үлкен бір сарай нәсіп етеді. Сақ болыңдар! Ре­жеп айына құрмет кѳрсетіңдер. Сонда Алла да сендерге мың түрлі керемет арқылы сый-сияпат береді» деп айтылған.

Құран ғылымдарының PhD докторы
Мұхитдин Исаұлы

0 пікір