Білімді жас – болашақ кепілі
Білімді жас – болашақ кепілі
21.04.2015 10:01
1799
0
www.egemen.kz

Кеше Назарбаев Университетте Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-пен бірлесіп, елордада «Білімді жастар – мәңгілік елдің болашағы» атты жас мамандар форумын өткізді.  Оған 400-ден астам «Болашақ» бағдарламасының түлектері, «Дарын» және «Жас тұлпар» жастар сыйлығының лауреаттары мен халықаралық олимпиада жеңімпаздары қатысты.

Форум аясында бірінші сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев кез келген мемлекеттің болашағы, оның дамуы мен өсіп-өркендеуі бірден-бір жастарға байланысты екендігін айта отырып, олардың бойында сарқылмайтын күш-қуат, ерік-жігер мен асқан қайсарлық және біліктілік болатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол еліміз егемендігін алған күннен бастап, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты еліміздің барлық жастарына жағдай жасауға бағытталғандығын атап айтты. Сол бойынша жүзеге асырылып отырған бағдарламалар, салынып жатқан оқу орындары Елбасының жастардың біліктілігін арттыру мақсатындағы ерен еңбегінің жемісі екендігіне басымдық берді.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев мемлекеті­міздегі жастар саясатының орнықты жүріп жатқандығына сырт елдерден, халықаралық ұйымдардан оң баға берілгендігіне тоқталды. Оның ай­туынша, БҰҰ рейтингіне сәйкес, өткен жылы 170 елдің ішінде біз­дің мем­лекетіміз 17-орынға ие болған. Атал­мыш дәрежеге дәлел ретінде жылда болатын халықаралық олим­пиада­ларда, жарыстарда біздің оқушы­ларымыз, студенттеріміз бен жас ғалым­дарымыздың үзбей орын алып отыра­тындығын атап көрсетті. Былтыр­дың өзінде жастарымыз 1300-ге жуық жүлделі орындарға ие болған. Қазіргі таңда жастардың мақсат-мүдделері бір, алған бағыттары егемен еліміздің дамуы­на үлес қосу, жасалынып жатқан мол мүмкіндіктерді игілікті пайдалану болуы керек екендігін нақтылады.

Сонымен қатар, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары өз сөзінде: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Қазақстанда бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Осылайша Елбасының жеке бастамасымен 1993 жылы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау жөніндегі бірінші бағдарлама — «Болашақ» бағдарламасы құрылды, ол 8 мыңға жуық білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік берді», деп атап өтті. Және де әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену үшін біздің елге жоғары білімді адам ресурстары қажет екендігін еске салған Б.Сапарбаев, осыған байланысты талантты жастардың өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосатын заманауи және тиімді басқарушылардың, ғалымдардың, өнертапқыштардың жаңа буынын қалыптастыру қажет екендігіне назар аударды.

Келесі кезекте сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов тәуелсіз еліміздің биыл 24 жасқа тола­тындығын атай келе, елімізбен бірге жастар да бірге өркендеп, өсіп келе жатқандығын атап айтты. Сондай-ақ, Қазақстандағы жастардың өте бақытты, орасан мүмкіндіктің ортасында өмір сүріп жатқандығын тілге тиек етті. Соңғы 4 жыл ішінде білім беруді қаржыландыру көлемі 2 есеге, ғылымды қаржыландыру 2,5 есеге ұлғайғандығын атап өтті. Жыл сайын мемлекеттен еліміздің жас­тары жоғары оқу орындарында тегін білім алуы үшін 35 мың грант бөлініп жатқандығын еске салған министр, қазіргі кезеңде ел жастары ерінбей еңбек етіп, ізденіс жолында жүру қажет екендігіне назар аударды. Сонымен бірге, оқып, білім алғысы келетіндерге мемлекеттік грант қарастырылғанын, ғылымға құштар жандарға ашық конкурстарға қатысуға мүмкіндік барында алға тартты. Мәдениет орындары мен спорт кешендерінің ашылып жатқанын айтқан А.Сәрінжіпов, ел жастарын тек қана алға талпынуға, мемлекеттің дамуы­на үлес қосуға шақырды.

Форум аясында жастар әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Олардың арасында жас ғалым, «Болашақ» бағ­дарламасының түлектері, PhD докторы Дамира Қанаева, Анна Демчишина, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты Ерлан Жүнісов, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасының қатысушысы Бексұлтан Керімбек өз пікірлерімен бөлісті. Сон­дай-ақ, форумға қатысушыларды Қы­тай мен Ұлыбританияда білім алып жүр­ген жастарымыз бейнеүндеу арқылы құттықтады.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, қазіргі таңда «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев жастарға жол сілтеп, білім жолында, Елбасының ұстанған сарабдал саясатының арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Форум соңында Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев «Болашақ» стипендиясының қатарын жақында ғана толықтырғандарға сертификаттар табыс етті. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов өз кезегінде халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздарына естелік сыйлықтар тапсырды.  

Ақпарат көзі: «Егемен Қазақстан».

0 пікір