Беларусьте балуандар бас жүлдені иеленді
Беларусьте балуандар бас жүлдені иеленді
09.05.2015 14:40
783
0

Сурдобалуандардың жолы болып тұр. Жақында олар есту қабілеті төмен балуандар арасындағы Беларусьтің ашық чемпионатына қатысып, командалық бірінші орынды иеленді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Еске түсіріп өтсек, ақпан айында бұл елге еркін күрес балуандары барып, Бобруйск қаласында Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әнұранын қайта-қайта шырқатып қайтқан еді. Бұл жолы грек-рим күресіндегі жігіттердің жүзі жарқын болды. Беларусьтің Гродно қаласында өткен боз кілем бәсекесінде біздің балуандар қарсыластарын қирата жеңіпті. Сапардан оралған Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы Ерлан Мұқажанов Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына» шәкірттерімен бірге арнайы келіп, қуаныштарын бөлісті. «Беларусьтің ашық чемпионатына жеті салмақ бойынша балуан алып барған едім. Соның төртеуі бірінші орынды, үшеуі екінші орынды иеленді. Сөйтіп, командалық есепте бас жүлде бізге бұйырды. Әсіресе, 59 кило слмақта Елдос Күзербаев, 66 килода Ғабит Игенбай, 80 кило салмақ дәрежесінде Әбдірахман Оспанов, 130 килода Шонку Қайратханның белдесулері жақсы болды. Олар бас жүлдені иеленді. Ал 75 килодағы Айбар Нұрмұхаммед, 85 кило салмақтағы Қажымұқан Оспанов пен 98 килодағы Асылжан Тәжиев екінші орынды иеленді. Осы кезде шәкірттерім бабында жүр. Бұл ретте, кезіндегі грек-рим күресінің даңқты балуаны Дәулет Тұрлықановқа айтар алғысымыз шексіз. Дәулет аға сурдо балуандардың Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде алаңсыз жаттығуына жағдай жасауда. Әрине, біз бұл жеңісімізге тоқмейілсуден аулақпыз. Балуандар осындай жарыстарда шыңдалып, тәжірибе жинақтайды. Сол үшін бізге мүмкіндік болса, сырт елдердегі бәсекелерден қалмауымыз керек. Әсіресе, грек-римде Ресей балуандары мықты. Алла бұйыртса, жақында Арменияда халықаралық турнир ұйымдастырылмақшы. Ендігі кезекте біз сол жарысқа тыңғылықты әзірлікті бастаймыз», деді ол.

Ақпарат көзі: egemen.kz

0 пікір