Ас беріліп, алғыс айтылды (ФОТО)
Ас беріліп, алғыс айтылды (ФОТО)
09.05.2015 15:00
1718
0

 Әрбір адамға кіндік қаны тамып, туып-өскен жері - Отаны қымбат. Оның ұлтарақтай бөлігі үшін баһадүр бабаларымыз қасық қанын қиып, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ұрпағына мирас етті. Бабаларымыздың жасаған ерліктерінің үлкен бір бөлшегі кешегі дүниежүзілік екінші қанды майдан. Бүгінде ел халқы болып Ұлы Жеңістің 70 жылын үлкен мақтаныш пен құрмет арқылы белгілеп өтудеміз. Бұл жеңіс кешегі аға ұрпақтың жанын да, қанын да аямай, "елім", "жерім" деп кеудесін оққа тосқан, қабырғасы қатпаған жетімдер мен желегі желкілдеп қалған жесірлердің еңіреп жүріп, «Бәрі де майдан үшін!» деп тылда аянбай тер төккен патриоттық рухының биік көрінісі. Сондықтан барлығымыз туған ел мен жер алдында әрқашан қарыздар екенімізді ұмытпауға тиіспіз.

Осыған  орай Павлодар облысы орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Н.Исеновтың  ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» атты арнайы шара жүргізіліп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып ақ дастархан жайылып,  ардақты қарияларға ас берілді. Дастархан үстінде қан майдан даласын көрген қаһарман қарияларымыз соғыстағы және соғыс жылдарында тылда өткен қиындық пен ауыртпалыққа тола өмірлерінің естеліктерімен бөліссе, облыс имамы отансүйгіштік пен бірлік тақырыбында қысқаша уағыз атты.

Соңында қарияларға алғысын білдіріп, шағын кәдесыйларын ұсынып, Ұлы Жеңісті жақындатып, қан майданда от кешкен аталарымызға деген шынайы көңіл мен шексіз алғысын  жеткізді. Өз кезегінде қарт ата-әжелеріміз де алғысын білдіріп, ақ баталарын берді.

Алла Тағала елімізді аман, жерімізді тыныш еткей. Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ісіміз берекелі болғай. Әмин!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

0 пікір