Түркия. Адана қаласында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл ашылды (фото)
Түркия. Адана қаласында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл ашылды (фото)
26.05.2015 08:42
1568
0

Түркияның Адана қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл ашылды. Бұл туралы Түркиядағы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» хабарлады.

Аталған қаладағы ірі даңғылдардың біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы шешім Қазақстан Президентінің құрметіне өткізілген Адана облыстық мәслихатының отырысында қабылданды. Жергілікті билік Қазақстан Басшысының қазақ-түрік қатынасының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін ескеріп, осындай қадамға барды. Даңғыл қаланың орталық бөлігінде, көне Адана колледжі тұрған жерде орналасқан.

Ашылу салтанатына қатысқан қала губернаторы Мұстафа Буюк пен мэрі Хусейн Созлю Қазақстанның даму қарқынын жоғары бағалады. Сондай-ақ, олар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен Қазақстанның тұрақты дамып отырғанын назарға алды.

Сонымен қатар, Буюк пен Созлю Қазақстан Президентінің қазақ-түрік және түркі интеграциясының нығаюы мен дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, олар түркі әлемінің Ақсақалы, әлемдік деңгейдегі абыройға ие Көшбасшының есімімен өз қалаларындағы даңғылдың аталуы үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Қазақстан Көшбасшысы халықаралық масштабтағы әйгілі тұлға. Оның елінің жарқын болашағы үшін қолға алған стратегиясын Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ұстанымымен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемнің көптеген елдері үшін дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды», – дейді Мұстафа Буюк.

Шара соңында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев сөз алды. Ол аймақ халқы мен басшылығына Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы арқылы барша қазақстандықтарға жасалған сый-құрмет үшін алғыс білдірді.

Адана өнеркәсіптік және ауылшаруашылық инфрақұрылымы дамыған, халық саны бойынша Түркияның 6-қаласы (2,2 млн. адам). Қалада елдің ең ірі индустриялық аймақтарының бірі орналасқан. Адананың тарихы IX ғасырдан бастау алып, өз заманында Рим, Византия және Осман империяларының құрамында болды. Қаланың орналасқан жері – Чукурова алқабы ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады. Аймақтың жылдық табысы шамамен 30 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Ақпарат көзі:egemen.kz

 

 

 

0 пікір