Павлодарлық кәсіпкерлер Ресей қазақтары салып жатқан мешітке қаржылай қолдау көрсетті (ФОТО)
Павлодарлық кәсіпкерлер Ресей қазақтары салып жатқан мешітке қаржылай қолдау көрсетті (ФОТО)
23.05.2017 17:44
1458
0

Павлодар облысының кәсіпкерлері Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Русская Поляна ауданында тұратын қазақтар салып жатқан мешітке арнайы барып, қаржылай қолдау көрсетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті жанындағы «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының атқарушы директоры Кенже Кеңесбаевтың айтуынша, көршілес елдегі қандастарға қолдау көрсету үшін Ақсу қаласы, Ақтоғай және Ертіс аудандарынан 20 шақты азамат жолға шыққан.

- Жуырда Ресейдің Русская Поляна ауданындағы Қазақтар қауымдастығының өкілдері сол жердегі мұсылмандардың тілегі бойынша мешіт құрылысын бастағанын хабарлап, қолдау көрсетуді сұраған болатын, - дейді Кенже Кеңесбаев. - Алланың үйін салып жатқан ондағы ағайындарға біз де қолдау көрсетуді жөн деп таптық. Сонымен құрамында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абылай Жантөрин, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Нариман Исенов, «Әбу Ханифа» қоғамдық қорының төрағасы Сапарғали Байболатов және өңіріміздің бір топ кәсіпкерінен құралған арнайы делегация бардық. Сонымен қатар, сол облыста тұратын ауқатты азаматтар да қолұшын созуға келген. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың асарлау дәстүрін орындап қайттық. Соның арқасында тек қана Павлодар өңірінің кәсіпкерлері шамамен бір миллион теңгедей қаражат салды. Өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер де Алла үйінің бой көтеруіне өз үлестерін қосып жатыр.

Қор директорының айтуынша, аталған мешіт құрылысының басталғанына үш жылдай уақыт болған. Бүгінде сыртқы жұмыстары аяқталып, енді ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған. Павлодардан барған делегация қандастар зиратының басына да арнайы ат басын бұрып, аруақтарға Құран бағыштады.

IMG_2324.JPG (750×500)

- Ол жақтағы қандастарымыз бізді ерекше ілтипатпен қарсы алып, құрметтеп шығарып салды. Біз ұйымдастырған жиынға Русская Поляна ауданының әкімі Анатолий Жоров та арнайы келіп, жергілікті қазақ ұлтының бастамасына әрдайым қолдау білдіретіндерін жеткізді. Ондағы қазақ бауырларымыз да елдің сәлемін арқалай барған павлодарлықтарға риза болысып, Атамекенге деген ықылас-сәлемдерін жолдап жатты. Олар үшін біздің бергенімізден гөрі, келгеніміз ерекше сый болды. Бір жағынан қаржылай қолдау көрсетсек, екінші жағынан Қазақстандай арқа сүйер ел барын білдіріп, рухани дем беріп келдік, - дейді Кенже Кеңесбаев.

pavlodarnews.kz


 

0 пікір