600 адамға ауызашар берілді (ФОТО)
600 адамға ауызашар берілді (ФОТО)
16.06.2017 16:52
1987
0

15 маусым күні «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті  үлкен асханасында бір топ кәсіпкер азаматтар бірлесіп ауызашар дастарханын жайды. Ауызашарға мешіт жамағаттары, қалалық мүгедектер ұйымы, зағиптер ұйымы, зиялы қауым өкілдері, Павлодар қаласының құрметті азаматтары, студенттер, жастар өкілдері, ардагер аталар мен апалар барлығы 600 адам қатысты.

Ауызашар дастарханында ҚМДБ-ның өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бас имамы Нариман қажы Ермекұлы  қасиетті Рамазан айындағы ораза құлшылығы туралы кең көлемде тағылымды уағыз айтты. 

Өкіл имам өз сөзінің соңында осыншама адамды қамтыған мол дастархан жайып, қасиетті Рамазан айында «Алла ризашылығы үшін!» деген шын ниетімен сауаптарын еселеп жатқан өңірімізге танымал жас кәсіпкерлерге ҚМДБ Павлодар облысының өкілдігі атынан арнайы «Алғыс хаттар» табыс етті.  Өкіл имамның әрбір кәсіпкерге жеке арнаған алғыс хатында: «Сізді жомарт, жанашыр азамат, қайырымды кәсіпкер ретінде көпшілік жақсы таниды. Көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуде, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, ауылдағы ағайынға көңіл бөлуде қолыңыздан келген көмекті аяған емессіз.  Жасаған әр жақсылығыңыз жаныңызды Жәннатқа жетелесін!Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала өзгелерге рақымды пенделерін өз рақметіне бөлейді», – дейді. Жаратушының рахым нұрына бөленіңіз!»,-деп жазылған.

 Сондай-ақ ауызашарға қатысушылар тарапынан да сөз алып, қашан да  осындай игі істердің ұйытқысы болып келе жатқан мешіт ұжымына да  алғыс  білдірді. 

Дастархан соңы дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағышталып, абыз ақсақалдардың  болашаққа жақсылықтар мен жетістіктер тілеген алқалы батасымен байыды.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

0 пікір